Categories Жайық news

Мыңдаған шенеуніктің шешімі заңсыз деп танылды: Тоқаевқа сот жүйесінің жұмысы баяндалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, сот төрелігін жүзеге асырудың өткен жылғы қорытындыларын тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, сот төрелігінің сапасы тұрақты деңгейде сақталған. Жоғары сатыдағы соттар төменгі сот актілерінің 98,8 пайызын өзгеріссіз қалдырған. Бұл сот шешімдерінің басым көпшілігінің сапалы екенін көрсетеді.

Әкімшілік әділет саласындағы жүйелі шаралардың арқасында азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіштері едәуір жақсарған. Мәселен, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мың актісі заңсыз деп танылып, азаматтардың пайдасына шешілген.

Сонымен қатар, қоғамда дауларды бітімгершілікпен шешу үрдісі артып келеді. Татуластыру рәсімдері азаматтық істерде 45,9 пайызды, ал әкімшілік істерде 11,8 пайызды құраған.

Сот жүйесін ізгілендіру бағытында да оң өзгерістер бар. Қамауда ұстауға рұқсат беруден бас тарту үлесі 25,7 пайыздан 37,5 пайызға дейін өскен. Оның орнына үйқамаққа алу шарасы екі есе жиі қолданыла бастады (2786-дан 5019-ға дейін). Бұған электронды білезіктерді кеңінен пайдалану (954-тен 2283 адамға дейін) септігін тигізді. Бұл бюджет шығынын үнемдеп, тергеудегі азаматтардың қоғамнан оқшауланбауына мүмкіндік береді.

Былтыр жарияланған рақымшылық актісі аясында 583 адам жазадан толық босатылса, 5 мыңнан астам сотталушы жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатылды. Тағы 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды.

Президент «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, азаматтарға әділ сот төрелігін қамтамасыз ету, сондай-ақ заң үстемдігіне басымдық беріп, қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыру маңызды екенін атап өтті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейі соңғы үш жылда 55,2 пайыздан 63,2 пайызға дейін өскен.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Close-up of intricate frost patterns on a window with a warm golden light.

Қазгидромет: Аяз күшейеді, кей өңірлерде тұман мен көктайғақ болады

Синоптиктер 30 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады. Елдің басым бөлігінде күн ашық, алайда оңтүстік…

Алматыдағы жекеменшік мектепте оқушы өз-өзіне қол салмақ болды: Полиция қылмыстық іс қозғады

Алматыдағы QSI жекеменшік мектебінде оқушы қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Әкесінің айтуынша, бұған сыныптастарының мазағы…

Tesla дәуірі аяқталды ма? Илон Маск Model S пен Model X орнына Optimus роботтарын шығармақ

Tesla басшысы Илон Маск аты аңызға айналған Model S және Model X электромобильдерін шығаруды тоқтатып,…