Билік сабақтастығы: Президент орны босаса, вице-президент таққа отырмайды

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстандағы конституциялық реформаның жаңа бағыттарына, әсіресе билік сабақтастығы жүйесіне қатысты өзгерістерге талдау жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, жаңа реформаның негізгі үш бағыты бар.

«Біріншіден, Ата заңның идеологиялық рөлін жаңғырту. Екіншіден, Президент, Парламент және Халық кеңесі арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқарудың икемді моделін құру. Үшіншіден, «транзит» факторын күн тәртібінен алып тастау мақсатында билік сабақтастығы жүйесін өзгерту», — дейді Әшімбаев.

Саясаттанушы билік сабақтастығына қатысты өзгерістерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кезекті президент сайлауын желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізу туралы норма алынып тасталады. Бұл қазіргі мемлекет басшысының өкілеттік мерзімін 2029 жылдың қарашасына дейін бекітеді.

Сонымен қатар, Сенаттың бұрынғы қалпында оңтайландырылуына байланысты вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол бір жағынан «мұрагер» болса, екінші жағынан кең өкілеттіктері бар мемлекет басшысының орынбасары болады.

Маңызды бір жайт: вице-президент президентпен бірге сайланбайды, оны Құрылтайдың келісімімен Президенттің өзі тағайындайды. Бұл вице-президентке «артық легитимділік» бермеу үшін жасалған қадам.

Реформадағы тағы бір елеулі өзгеріс — мемлекет басшысының орны босаған жағдайда оның өкілеттігін қабылдаған тұлғаның мерзім соңына дейін автоматты түрде президент болып қалу нормасының алынып тасталуы. Бұл норма 1998 жылы қабылданған еді. Енді бұрынғы тәртіп қайтарылып, Құрылтай 7 күн ішінде кезектен тыс сайлау тағайындап, ол 2 ай ішінде өтуі тиіс.

Егер Президенттің орны бос қалса, оның міндеттері вице-президентке өтеді. Егер ол қабылдай алмаса, Құрылтай спикеріне, одан кейін Премьер-министрге жүктеледі.

Салыстыру үшін: 1995 жылғы заң бойынша билік тізгіні Сенат спикеріне, сосын премьерге өтетін. Ал 1998 жылдан бері Сенат спикері, Мәжіліс спикері, содан кейін ғана премьер-министр тұратын. Яғни, жаңа жүйеде де үкімет басшысы бұл тізімде төртінші болып қала береді.

Ұқсас жазбалар

Close-up view of Germany on a colorful world map showing major cities.

Трамптың жаңа талабы: Украина қауіпсіздік үшін Донбасты Ресейге беруі тиіс

Financial Times: Трамп әкімшілігі Украинаға қауіпсіздік кепілдігі үшін Донбасты Ресейге беру шартын қойды. Киев мұнымен…

Екібастұзда мас күйінде көлік жүргізген шенеунікті жұмыстан шығару ұсынылды

Екібастұзда мас күйінде көлік тізгіндеген шенеунік 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.…

Алматы әуежайы 6,8 млрд теңгені акционер емес компанияға заңсыз аударған

Алматы халықаралық әуежайы акционері емес компанияға 6,8 млрд теңгені заңсыз аударған. Қаржы министрлігінің тексерісінен кейін…