Қазақстанда қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы 173 ереже бұзу фактісі анықталып, 65 түлектің сынақ нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуге смартфон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 108 талапкер сынақ тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Ал емтихан кезінде тәртіп бұзған тағы 65 адам аудиториядан шығарылып, олардың тест қорытындысы толықтай күшін жойды. Әзірге тестілеуге басқа адамның орнына кіру фактілері тіркелген жоқ.
«ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаға талдау жасалады. Егер тыйым салынған заттарды қолдану немесе ереже бұзу фактілері анықталса, талапкердің тест нәтижесі жойылады», – деп ескертті министрлік.
Ведомство өкілдері тапсырмалардың мазмұны бойынша апелляцияны емтиханнан кейін 30 минут ішінде, ал техникалық себептерге байланысты шағымды тестілеу кезінде беруге болатынын еске салды.
Тестілеудің алғашқы екі аптасының қорытындысы бойынша, талапкерлердің 65%-ы шектік балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 61 балл, ал ең жоғары нәтиже – 138 балл. Жалпы, сынақты 90 мыңға жуық адам тапсырып үлгерді.
Фото: Әлеуметтік желіден

