Қазақстанда жылжымайтын мүлікті жалға берушілер 2026 жылдың 1 наурызына дейін жаңа салық режимін таңдауы керек. Бұл талапты орындамағандар немесе қателікке бой алдырғандар 2-3% орнына 10% салық төлеуі мүмкін, тіпті қызметін тоқтатуға мәжбүр болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табысты ескеретін жаңартылған салық режимдері күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, мүлік иелері үшін екі негізгі нұсқа бар: оңайлатылған декларация және өзін-өзі жұмыспен қамту.
ЖК үшін оңайлатылған декларация
Бұл режим бойынша салық мөлшерлемесі 2-3%-ды құрайды. Оны таңдау үшін жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелу қажет. Бұл режим тұрғын үймен қатар, паркинг, қойма, гараж сияқты коммерциялық нысандарды жалға беретіндерге арналған.
Талаптары:
– ЖК мәртебесі болуы шарт.
– Жылдық табыс 600 000 АЕК-тен (шамамен 2,6 млрд теңге) аспауы керек.
– Қызмет түрі тыйым салынған тізімде болмауы тиіс.
Ең маңыздысы, 2025 жылы осы режимде жұмыс істеген кәсіпкерлер де 1 наурызға дейін оны қайта таңдайтыны туралы хабарлама жіберуі тиіс. Хабарлама жібермеген жағдайда, салық органы ЖК-ны автоматты түрде 10% салық төлейтін жалпы режимге ауыстырады. Хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинеті, E-Salyq Business, Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы немесе салық басқармасына барып беруге болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар
Бұл режимде салық мөлшерлемесі 0% болғанымен, әлеуметтік қорларға 4% міндетті төлем жасалады. Бұл нұсқа тек жеке тұлғаларға, яғни ЖК ашпай жұмыс істейтіндерге арналған.
Талаптары:
– Айлық табыс 300 АЕК-тен (шамамен 1,3 млн теңге) аспауы тиіс.
– Тек меншігіндегі тұрғын үйді (пәтер, үй) жалға беруге рұқсат етіледі.
– Коммерциялық нысандарды (гараж, қойма) жалға беруге тыйым салынады.
Бұрын патентпен немесе eSalyq Azamat арқылы жұмыс істеген болсаңыз, 1 наурызға дейін ЖК-ны жабуыңыз керек. Себебі бір уақытта әрі ЖК, әрі өзін-өзі жұмыспен қамтушы болуға болмайды. Егер ешқандай әрекет жасамасаңыз, салық органы 2026 жылдың 1 наурызынан кейін ЖК-ны өздері жауып тастайды. Алайда сарапшылар бұл процедураны алдын ала аяқтауға кеңес береді.
Негізгі айырмашылық – жалға берілетін мүлік түрінде. Егер тұрғын үйден басқа нысандарды жалға берсеңіз, міндетті түрде ЖК ретінде оңайлатылған декларацияны таңдау керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін салық болмағанымен, 4% әлеуметтік жарна болашақтағы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне әсер етуі мүмкін.

