Белгілі қаржыгер, Канада мен Англияның орталық банктерін басқарған Марк Карни Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда әлемдік тәртіпке қатысты үлкен мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұрынғы «ережеге негізделген әлемдік тәртіп» туралы «әдемі ертегі аяқталып», әлем қазір «өтпелі кезеңде емес, үзіліс үстінде» тұр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Карнидің пікірінше, бұрынғы жүйе енді қайтып оралмайды. Ірі державалар арасындағы бәсекелестік қайта күшейіп, әлсіздер «күштіге бағынуы тиіс» деген ескі логика алға шықты. Алайда ол «әлсіз» саналатын елдердің дәрменсіз емес екенін, орта деңгейлі державалардың адам құқықтары, егемендік және аумақтық тұтастық сияқты құндылықтарға сүйеніп, жаңа тәртіпті құруға үлес қоса алатынын атап өтті.
Ол чех диссиденті Вацлав Гавелдің «өтірікпен өмір сүру» метафорасын мысалға келтіріп, мемлекеттер мен компанияларды иллюзиядан арылуға шақырды.
«Жұмыс істемейтін жүйені істеп тұрғандай көрсетуді доғару керек. Бұл терезедегі жалған маңдайшаны алып тастағанмен бірдей», – деді ол.
Сондай-ақ Карни бүгінде экономикалық интеграция қысым құралына айналғанына назар аудартты. Оның айтуынша, тарифтер, қаржылық инфрақұрылымдар мен жеткізу тізбектері мәжбүрлеу тетігі ретінде қолданылып жатыр. Сондықтан әрбір елге стратегиялық дербестік ауадай қажет.
Марк Карни көпжақты институттардың әлсірегенін ескере отырып, «қарапайым көпжақтылықтан» бас тартып, «ауыспалы коалициялар» құру моделін ұсынды. Бұл дегеніміз – әр мәселе бойынша құндылықтары мен мүдделері сәйкес келетін серіктестермен нақты одақтар құру.
Ол орта деңгейлі державалардың, соның ішінде Канаданың бұл жаңа тәртіпте маңызды рөл атқара алатынын атап өтті. Мысал ретінде ол Канаданың 2030 жылға қарай қорғаныс шығындарын екі еселеу, сыртқы серіктестерді әртараптандыру сияқты қадамдарын келтірді.
Фото: Әлеуметтік желіден

