Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын қатаң сынға алып, бірқатар маңызды мәселенің шешімі созылып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысы кешеуілдеп жатқанына тоқталды.
«Бұл мәселенің шешімі созылып кеткенін мойындау керек, ал халық күтіп отыр. Бұл реттегі менің сыным Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына бағытталған», – деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев мемлекеттік жүк авиакомпаниясын құру туралы шешімді қате деп атады.
«Үкімет мемлекеттік жүк авиакомпаниясын құру туралы қате басқарушылық шешім қабылдады», – деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы экономистер мен энергетиктердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, кадрлық өзгерістер болуы мүмкін екенін меңзеді.
«Белгілі экономистерімізге айтар кінәм көп. Энергетиктерге қатысты да осындай шағымдар бар. Кадрлық шешімдер қабылдауға тура келетін сияқты», – деді Тоқаев.
Президенттің сынына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да ілікті.
«Міндетті медициналық сақтандыру қорында болған жағдай – әлеуметтік сала басшыларының кәсіби біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдары», – деді ол.
Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласы негізсіз қысымға ұшырап отырғанын айтып, Үкіметке ұлттық мүддені қорғау үшін белсенді жұмыс істеуді тапсырды.
Фото: Әлеуметтік желіден

