Шымкентте Telegram-арна арқылы мектеп оқушыларына қатысты қауіпті ақпарат тарап, полиция қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілер мен мессенджер чаттарында белгісіз біреулер 16 қаңтарда қаладағы мектептерде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, оқушыларға шабуыл жасайтынын айтып, жұртты дүрліктірген.
Қалалық полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары арандатушылық сипаттағы хабарламаны таратқандарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға және жалған ақпаратты таратпауға шақырамыз. Қазір жағдай толық бақылауда, ал білім беру нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Естеріңізге саламыз, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары осыған ұқсас жалған хабарламалардың бұған дейін Ресейдің бірнеше қаласында да тарағанын атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден

