АҚШ-та H3N2 вирусының жаңа түрі — H3N2 немесе «супертұмау» кең таралуда. NBC News дерегіне сүйенген Kazinform тілшісінің хабарлауынша, елдегі эпидемиологиялық ахуал ушығып барады.
Денсаулықты бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) дерегінше, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша 32 штатта тұмаудың таралу деңгейі «жоғары» немесе «өте жоғары» болып тіркелген. Бір апта бұрын мұндай жағдай 17 штатқа ғана тән болған.
Бұл туралы Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осы уақытқа дейін қазан айынан бері АҚШ-та кемінде 7,5 миллион адам тұмаумен ауырған. Ал бір апта ішінде ауруханаға жатқызылғандар саны екі есе өсіп, 19 053 жағдайға жеткен. Өткен аптада бұл көрсеткіш 9 944 болған еді.
Тұмауға байланысты көз жұмғандар саны 3 100-ге жуықтады. Оның ішінде бес баланың өлімі тіркелген.
Неліктен H3N2 «супертұмау» деп аталып жүр?
Мамандар H3N2 вирусының мутацияланған түрі басым екенін айтады. Бұл штамм тұмаудың ауырлау өтуіне әсер етіп, ауруханаларға жүгінетіндердің саны күрт өскенін түсіндіреді. Оның үстіне вирустың жұқпалылығы өте жоғары, яғни, аз уақытта көп адамға таралуы мүмкін.
Дәрігерлердің болжауынша, тұмауға шалдыққандар саны алдағы апталарда тағы өседі. Ауру деңгейінің төмендеуі тек қаңтар айының соңы немесе ақпанға қарай байқалуы ықтимал.
Қай штаттарда жағдай күрделеніп барады?
Жаңа мәлімет бойынша, ауру жұқтыру деңгейі жоғарылаған штаттар қатарында Калифорния, Невада, Миссури, Арканзас, Алабама және Флорида бар.
Ал Нью-Йорк, Нью-Джерси, Оңтүстік Каролина, Луизиана және Колорадо сияқты штаттарда тұмаудың таралу деңгейі бұрыннан-ақ «өте жоғары» санатқа енген.

