Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз өткізді

Сурет: Ақорда.кз

Қазақстан Президенті Жапонияға ресми сапары аясында Премьер-министр Санаэ Такаичимен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясын жылы қабылдап, жоғары деңгейде қонақжайлық көрсеткені үшін жапон тарапына алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы кезеңге көтеретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан Жапонияны Азиядағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктес ретінде бағалайды. Оның сөзінше, Жапония ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен заманауи технологияны ұштастыра білген, тұрақты даму жолына түскен мемлекет.

Мемлекет басшысы Санаэ Такаичидің басшылығымен Жапонияда ауқымды реформалар жүзеге асып жатқанын атап өтіп, бұл елдің халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар Президент қазақ-жапон байланыстарының тарихы терең екенін, екі елді географиялық қашықтыққа қарамастан сенімді достық қатынас біріктіретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы институционалдық ынтымақтастықтың берік негізі бар екенін еске салды. Оның айтуынша, 2004 жылы «Орталық Азия + Жапония» диалог алаңын құру бастамасы көтеріліп, алғашқы сыртқы істер министрлерінің кездесуі Астанада өткен. Бүгінде бұл формат халықаралық деңгейде кеңінен мойындалған, ал Жапония оның бастамашысы әрі негізін қалаушы ел болып қала береді.

Өз кезегінде Санаэ Такаичи Қазақстан Президентінің ресми сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Ол Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген ашық әрі әділ халықаралық тәртіпті нығайту жолындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Жапония Премьер-министрі өзара тиімді байланыстарды дамыту үшін Қазақстанмен тығыз әріптестікті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистика, энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады. Екі ел арасындағы серіктестікті жаңа жобалармен толықтыруға өзара мүдделілік бар екені атап өтілді.

Ұқсас жазбалар

Мемлекет басшысы AD Ports Group басшысын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев AD Ports Group басшысы Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесіп, Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту мәселелерін…

Мемлекет басшысы Anadolu Group холдингінің төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сулейман Языджиді қабылдады. Кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты…

Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті.