Маңғыстауда газ тапшылығы кәсіпкерлердің жауапсыздығы мен логистикадағы қиындықтар әшкереленді,- деп хабарлайды zhaiyqmedia.kz
15 қазанда Маңғыстау облысы әкімдігінде сұйытылған мұнай газының (СМГ) жеткізілімі мен айналымына қатысты кеңейтілген жиын өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысып, басқосу тікелей эфирде көрсетілді.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың айтуынша, Маңғыстау – ел бойынша СМГ-ны ең көп тұтынатын өңірлердің бірі. Ай сайынғы қажеттілік шамамен 18 мың тоннаны құрайды. Оның негізгі бөлігі «ҚазГӨЗ» зауыты арқылы жеткізілсе, қосымша көлем бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) келген.
Алайда қазан айында АМӨЗ жоспарлы жөндеуге жабылғандықтан, облысқа қажетті 3658 тонна газ Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан вагон арқылы тасымалдануда. Жаңа бағыт өнімнің кешігіп жетуіне, соның салдарынан кейбір АГҚС-тарда ұзын-сонар кезек түзілуіне әкелген.
Сансызбаевтың сөзінше, тапшылық тек логистикадан емес, кейбір кәсіпкерлердің өз міндетіне салғырт қарауынан да туындаған.
– Кейбір кәсіпкерлер өздеріне бөлінген газды бекітілген станцияға жеткізбей, өзге өңірлерге сатып жіберген. Жаңадан тіркелген кейбір бекеттер де ай сайынғы көлемді ұлғайту үшін құжат жүзінде ашылып, газды басқа нүктелер арқылы өткізген. Бұл әрекеттер халықтың наразылығын күшейтіп, әлеуметтік шиеленіс қаупін арттырады. Сондықтан әр литрдің қайда кеткенін толық тексереміз, – деді ол.
Ресми дерек бойынша, өңірде автогаз құю станцияларының саны бір жылда 462-ден 552-ге дейін өскен. Бірақ олардың бір бөлігі шын мәнінде газды басқа жерден өткізу үшін ғана тіркелген. Мәселен, Бейнеуде кей кәсіпкерлер 1500 тоннадан астам газды алып, мүлде басқа бекеттер арқылы сатқан.
АМӨЗ-дегі жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 1 қарашадан бастап газ жеткізілімі қалыпқа келуі тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе тек уақытша тапшылық емес, газ нарығындағы ашықтық пен бақылаудың әлсіздігін де көрсетіп отыр.
Осы жағдайдан кейін сіздің ойыңызша, газ тапшылығына көбірек кінәлі кім – логистикадағы ақаулар ма, әлде кәсіпкерлердің пайдакүнемдігі ме?

