Сурет: alga.peterburg
Ресейлік тревел-блогер Иван Червинский Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялаған видеосы арқылы хабарлады. Бейнероликте алдымен Ресей төлқұжатын Қазақстан азаматының төлқұжатына алмастырғаны көрсетілген. Бейнежазбаға ол қазақ тілінде: «Сүйінші! Біз қазақпыз! Алға Қазақстан!» – деген жазба қалдырған.
Иван Червинский Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, осы елде саяхат, тарих, мәдениет және көрікті жерлер туралы авторлық жобаларын дамытуды жалғастырды. Ол алғашында «Алға Петербург» жобасы арқылы танымал болды. Кейін жоба «Алға, Қазақстан» деп өзгертілді. Бастапқыда бұл жоба әнші Димаш Құдайберген шығармашылығының жанкүйерлерін біріктірсе, уақыт өте келе оның тақырыбы Қазақстанның табиғаты, мәдениеті мен өңірлерін таныстыруға бағытталды.
Қазір Иван Червинскийдің негізгі платформасы – YouTube. Онда оның арнасын 440 мыңға жуық адам қарайды. Сондай-ақ блогер Instagram желісінде де белсенді, онда шамамен 300 мың жазылушысы бар. Қазақстан азаматтығын алғаны туралы жаңалық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік назарын аударды.

