Categories Ақорда

Euronews арнасы қазақ тілінде жаңалық тарата бастады

Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесуде әлемдегі жетекші телеарналардың бірімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Euronews-тің жаһандық медиа ресурс ретінде оқиғаларды бейтарап жариялап, сенімді ақпарат ұсынатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқаннан бері Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени өмірі туралы көбірек хабар тарата бастады.

Президент Euronews-тің қазақ тілінде жаңалық таратуды бастағанын құптап, мұны өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын көрінісі деп атады. Педро Варгас Давид медиа желіде Орталық Азия халықтары арасынан алғаш рет қазақ тілінің қолданысқа енгенін мәлімдеді.

Euronews жетекшісі қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Негізгі заңда көрініс тапқан қағидаттар мен құндылықтар ел басшылығының күшті әрі озық мемлекет құруға ұмтылысын көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері талқыланды.

Педро Варгас Давид Президенттің сапар қарсаңында Euronews сайтында жарияланған мақаласындағы Астана мен Еуропалық одақтың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің келешегі туралы ойларын еуропалық аудиторияның ерекше ықыласпен қабылдағанын айтты. Еуропа сарапшыларының пікірінше, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып, ұзақмерзімді әрі жемісті ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған сипатына ие болған.

Әңгімелесу барысында аймақты жаһандық ақпарат кеңістігіне шығаруға және Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қоғамдастыққа таныстыруға мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

Ұқсас жазбалар

Үкімет газ саласын дамыту мәселесін қарастырады

Бүгін Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі талқыланады. Отырыстан кейін баспасөз мәслихаты өтеді.

Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады

Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады. Жаслан Мәдиев ХЭО Бас хатшысымен кездесіп, келісімге қол қойды.

Елордадағы Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлады.