Сурет: Egemen Qazaqstan
«Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI съезінде «Auyl Jastary» жастар қанатының төрағасы Дәулет Рахымбек партияның жастарды қолдау, еңбекке баулу және ауылды дамыту бастамаларын таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы жастарға тең мүмкіндік беруге және олардың туған жерінде еңбек етіп, өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі таңда «Auyl Jastary» еліміздің ең белсенді жастар ұйымдарының біріне айналды, ұйым қатарында 57 мыңнан астам жас бар, 20 өңірде филиалдары мен 124 бөлімшесі жұмыс істейді.
Спикер Мемлекет басшысының жастарға ерекше сенім білдіріп келе жатқанын атап өтіп, партияның барлық жобасы жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, кәсіби тәжірибе жинауына және ел дамуына үлес қосуына бағытталғанын айтты.
«Партияның жастарға бағытталған әр жобасы – еңбекқорлық, тең мүмкіндік, әлеуметтік жауапкершілік және қоғамдық бірлік қағидаттарының нақты көрінісі. Біз жастардың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасауды басты міндеттердің бірі деп санаймыз», деді Дәулет Рахымбек.
Жастар қанаты экология, білім беру, еріктілік, спорт және патриоттық тәрбие бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, жастардың қатысуымен бірнеше республикалық жоба жүзеге асырылды. «Студенттік жастар еңбек жасақтары» бағдарламасы аясында мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, «Инновация. Тұрақтылық. Болашақ.» хакатонында үздік жобаларға 50 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілген.
Дәулет Рахымбек партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, жастарға тек әлеуметтік қолдау көрсету жеткіліксіз, ең бастысы – тұрақты жұмыс пен кәсіби дамуға мүмкіндік беру.
«Біздің мақсат – ауылдан кетудің жолын іздеу емес, ауылға оралудың, ауылды өркендетудің жолын қалыптастыру. Жастар туған жерін дамытатын, ауыл мен қаланың әлеуетін арттыратын басты күшке айналуы тиіс», деді ол.
Спикер жастарды қолдау экономиканың нақты мүмкіндіктеріне негізделуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, әл-ауқаттың басты көзі – мемлекеттік жәрдемақы емес, адал еңбек, өндіріс, кәсіпкерлік пен өңірлердің тұрақты дамуы.
«Біздің басқалардан айырмашылығымыз – біз бюджетті қалай бөлу керектігін ғана емес, оны қалай толықтыру қажеттігін де айтамыз. Әл-ауқаттың қайнар көзі – жәрдемақы емес, адал еңбек, өндіріс, фермерлік және өңірлерді дамыту», деді Дәулет Рахымбек.
Сөз соңында жастар қанатының төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасы ауыл мен қала жастарына тең мүмкіндік беруге бағытталғанын айтып, делегаттарды бағдарламаны қолдауға шақырды.

