Сурет: Ақорда
Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, елорда — Тәуелсіз Қазақстанның символы, ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысының көрінісі.
— Құрметті отандастар! Астана күні құтты болсын! Астана — егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз — Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады. Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды. Сонымен бірге елордамызда саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынды. Осының бәрі Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жасалып жатыр, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тарихи оқиға билік пен қоғам институттарын жаңғыртудың бастауы болды. Елорда мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның мемлекет дамуындағы маңызын айқындады. Сондай-ақ бас қаланың халықаралық беделі нығайып келеді. Аймақтық және жаһандық саясаттың өзекті мәселелері бойынша шешімдердің Астанада қабылдануы — соның дәлелі. Президент елорда жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың үлгісі болуы керек деп санайды. «Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін. Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін!» — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

