Сурет: Egemen Qazaqstan
Ішкі істер министрлігі биылғы жартыжылдықта есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелерін жариялады. Алты айда 7 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, оның 500 мың килограмнан астамы синтетикалық есірткі болды. Он бес есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне жол берілмеді, оның ішінде біреуі трансұлттық сипатта болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, 2024 жылы министрдің бастамасымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылып, Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдаған. Республикалық нашақорлыққа қарсы штабтың мәртебесі премьер-министр деңгейіне көтерілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде маңызды жетістіктерге қол жеткізілген. Қазіргі уақытта есірткі қылмысына қарсы күрес 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық кешенді жоспар аясында жүргізілуде.
«Біз заңнаманы жетілдіруден бастап цифрлық технологияларды дамытуға дейін барлық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мамыр айында шетелдік әріптестермен бірлесіп, Украина аумағында ірі есірткі call-орталығының қызметі жойылып, 11 күдікті ұсталды. Олар Қазақстан азаматтарын есірткі схемаларына тартумен айналысқан», — деді Қуандық Әлжанов.
Спикердің айтуынша, алғаш рет Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылып, оған медиа саласының танымал өкілдері, спортшылар, дін және мәдениет қайраткерлері кірген. Мұндай кеңестер еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Есірткі қылмысының киберкеңістік пен криптовалюта саласына ауысуына байланысты интернетте жүйелі жұмыс ұйымдастырылып, «Таргетинг-орталығы» құрылды. Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ «дропперлік» қызметтің заңсыз айналымы үшін қатаң жауапкершілік енгізілді. Көршілес мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық кеңейтіліп, Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының әлеуеті тиімді пайдаланылуда. Жыл басынан бері шетелдік серіктестермен 20-дан астам кездесу өткізілген.
Қуандық Әлжановтың айтуынша, Қазақстан есірткі қылмысына қарсы күресте жаһандық үйлестірудің маңызды алаңына айналып отыр. Ақпан айында 15 мемлекет өкілдерінің қатысуымен прекурсорлар мәселелері жөніндегі өңірлік жұмыс тобының отырысы өтті. Жұмыс жалғасуда, ал басты басымдық — әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

