Сурет: Egemen Qazaqstan
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін көпдеңгейлі электоралдық оқыту жүйесін іске қосады. Жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес дауыс беруді ұйымдастыратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесі даярлықтан өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы мемлекеттік құрылыстың жаңа конституциялық моделі жағдайында өтуде. Негізгі міндет – еліміздің бүкіл аумағында сайлау заңнамасының бірыңғай қолданылуын қамтамасыз ету. Оқытудың каскадтық моделі, бірыңғай әдіснама және сапаны көпдеңгейлі бақылау 71 мыңнан астам комиссия мүшесін даярлауға және сайлау процесін ұйымдастырудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Даярлық каскадтық модель бойынша ұйымдастырылып, үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ОСК қашықтан оқыту форматында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының 821 мүшесін оқытады. Сондай-ақ комиссиялардың басшылық құрамына сайлау заңнамасын қолдану және жекелеген сайлау рәсімдерін ұйымдастыру бойынша онлайн-кеңестер өткізіледі.
Екінші кезеңде даярланған мамандар аумақтық сайлау комиссияларының 908 мүшесін, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының 31 мыңнан астам төрағасын, төраға орынбасарларын және хатшыларын оқытады. Қорытынды кезеңде учаскелік сайлау комиссияларының басшылық құрамы 38 мыңнан астам мүшені оқытады. Бұл тәсіл барлық деңгейдегі комиссияларды толық қамтуға және даярлаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ОСК барлық өңірлер үшін негізгі әдістемелік стандарт болатын бірыңғай оқу-әдістемелік кешенді әзірлеуде. Сонымен қатар дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыруға арналған оқыту фильмі дайындалады.
Комиссия мүшелерін оқытумен қатар орталық және өңірлік деңгейлерде саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін оқыту іс-шаралары өткізіледі. Оларға сайлауды әзірлеу мен өткізудің құқықтық негіздері және практикалық мәселелері түсіндіріледі.
Өңірлердегі оқытуды ұйымдастыру мониторингі ОСК мүшелері мен аппарат қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін көшпелі оқыту семинар-кеңестері аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаның ажырамас бөлігі ретінде сайлау комиссиялары мүшелерінің барлық санаттары қашықтан тестілеуден өтеді. Бұл олардың заңнаманы білу деңгейін ғана емес, сайлау рәсімдерін өткізу кезінде оны практикада қолдануға дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға электрондық сертификат беріледі.

