Categories Қаржы

Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген бірыңғай цифрлық сауда экожүйесі құрылады

Сурет: Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, 01.AI компаниясының негізін қалаушы Dr. Kai-Fu Lee-мен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде тараптар сауда саласын цифрлық жаңғырту, ішкі және сыртқы сауданы дамыту, электрондық коммерцияны кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес министрлік мемлекет, бизнес және тұтынушылардың өзара іс-қимылын жасанды интеллект негізінде біріктіретін бірыңғай цифрлық сауда экожүйесін қалыптастыруда. Бұл бастама цифрлық сервистерді бір ортаға тоғыстырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, сауда үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, шешім қабылдау мерзімін жеделдетуге, сондай-ақ ішкі және сыртқы сауданы, электрондық коммерцияны және шикізаттық емес экспортты дамытуға серпін береді.

Dr. Kai-Fu Lee жасанды интеллектті қолдану арқылы ұйымдарды цифрлық трансформациялаудың заманауи тәсілдерімен бөлісті. Ол жекелеген ІІ шешімдерін енгізумен шектелмей, деректерге негізделген, интеллектуалды талдауды қамтитын және DRI қағидатына сүйенетін біртұтас басқарылатын экожүйе құрудың маңызын атап өтті. Бұл қағидат бойынша әрбір бастамаға оның нәтижесіне тікелей жауап беретін бір ғана жауапты басшы бекітіледі.

Кездесуде Stanford AI Index Report 2026 баяндамасында көрсетілген жасанды интеллектінің жаһандық даму үрдістері де сөз болды. Құжатта технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, оларды ұйымдардың күнделікті қызметіне кеңінен енгізу негізгі міндеттердің бірі екені атап өтілген.

Кездесу қорытындысында тараптар 01.AI компаниясының заманауи жасанды интеллект шешімдерін сауда саласына енгізу, сарапшылық тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ министрлік қызметкерлерін оқыту мерзімдері мен Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың негізгі кезеңдері айқындалды.

Ұқсас жазбалар

2026 жылы мал шаруашылығын дамытуға 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Астанада Ветеринариялық қызмет пен мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Үкімет…

Мал шаруашылығын дамытуға биыл 300 млрд теңге бөлінді

Астанада Мал шаруашылығы және Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Биыл мал шаруашылығына…

Экономиканың негізгі салаларында жұмыспен қамтылғандардың саны артуда

2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда экономиканың бірқатар негізгі салаларында жұмыспен қамтылғандар саны артты.…