Сурет: Egemen Qazaqstan
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы екі жылда мемлекеттік қаржы жүйесінің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған шешімдер қабылданды. Бюджеттік тәртіп, жаңа Салық және Бюджет кодекстері, басқарудың цифрландырылуы, шығыстардың ашықтығы мен цифрлы теңгені енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министр мемлекеттік қаржы саласын орнықты, болжамды және нәтижелі ету басты міндет екенін атап өтті. Ол Қаржы министрлігінің рөлі, цифрлы жобалардың артындағы саяси міндеттер және жаңа қаржылық контур туралы сұхбат берді.
Такиевтің пікірінше, қазіргі күн тәртібіндегі міндетті «кассалық мемлекеттен деректер мен нәтижелікке негізделген мемлекетке дейін» деп тұжырымдауға болады. Бұрын бюджеттің орындалуы кіріс пен шығыс көрсеткіштерімен бағаланса, енді қоғам әрбір бюджеттік шешімнің нәтижесін түсінуі маңызды.
Министрдің айтуынша, бұл басқару тәсілінен нәтижелерді басқару тетігіне көшуді білдіреді. Салық және бюджетті реттеудегі өзгерістер, цифрлы бақылауды дамыту, жаңа аналитикалық құралдар мен шығыстар тиімділігіне қойылатын талаптар осыған байланысты.
Бюджеттік тәртіпке басымдық берілуі бақылауды фактіге сәйкес жүргізуден нақты уақыт режіміне жақын бюджеттік тәуекелдерді басқаруға көшуді меңзейді. Дәстүрлі модель болған оқиғаларды талдауға негізделсе, қазір мемлекеттік аппарат тәуекелдердің алдын алу моделіне көшуде.
Осы мақсатта шығыстарды басқарудың жаңа жүйесі қалыптастырылып келеді. Ол Онлайн-бюджеттік мониторингті, «Бұлтты» бухгалтерлік есепті, Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай қоймасы мен Мемлекеттік органның цифрлы бейінін қамтиды.
Такиевтің пікірінше, бұл мемлекеттік қаржының басқару философиясының тұтастай өзгеруін білдіреді. Бұрын мемлекет қаржы ағындарын басқарса, енді тиімділікті басқару өзекті. Қаржы сегменті ресурстарды бөлу құралы ғана емес, стратегиялық даму мақсаттарына жетуге септесетін тетікке айналады.
Жаңа Салық кодексіне келетін болсақ, министр реформаның мәні жекелеген мөлшерлемелерді өзгертуде емес, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қатынастың жаңа моделін қалыптастыруда екенін атап өтті. Заманауи салықты басқару әділ, ашық және адал кәсіпкерлер үшін жайлы болуы керек. Сондықтан сервистік модельге көшіп, қолмен жасалатын процедураларды азайтуға, алдын ала толтырылған деректер мен тәуекелді анықтауға баса мән беріледі.
Такиевтің сөзінше, министрлік кірісті жинаудан бөлек, оны басқарудың барлық моделін жаңғыртып жатыр. Бұл бюджет кірісінің көлеміне ғана емес, оны басқару сапасына да қатысты.

