Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхені қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент Қазақстанның Германиямен стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Германия еліміздің ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Екіжақты сауда мен инвестицияда оң динамика байқалады. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 8 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды, оның басым бөлігі шикізаттық емес секторға тиесілі. Қазір елімізде неміс капиталы қатысқан мыңнан аса компания жұмыс істейді, олардың арасында CLAAS, Horsch, Siemens, BASF, Heidelberg Materials, Siemens Energy, Knauf және Linde бар.
Президент Қазақстан тарапы германиялық бизнестің нарыққа келуіне жағдай жасауға дайын екенін растады. Сондай-ақ ол еліміздегі ауқымды саяси өзгерістер туралы айтып, жаңа Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және өркендеген мемлекет ретінде даму бағытын айқындайтын қағидаттар бекітілгенін жеткізді.
Катерина Райхе екіжақты күн тәртібінің мәселелерін талқылау мүмкіндігі үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстарына тоқталды. Министр Қазақстан Германияның аймақтағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін және ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті мол екенін атап өтті.
Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу, көлік-логистика инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасына ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге және Федералдық канцлер Фридрих Мерцке ыстық ықыласын жолдады.

