Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Елордада Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бір топ журналиске баспана берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Dara» президенттік бастамалар қоры ұйымдастырған іс-шарада Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров медиа мамандарын мерекемен құттықтап, пәтер кілттерін тапсырды. Президент тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер беру бастамасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді.
Салтанатты шарада Айбек Смадияров биылғы жобаның ерекшелігі – пәтерлердің Астанада ғана емес, Алматы мен барлық облыста да берілетінін айтты.
– Мұндағы мақсат – өңірлік журналистиканы дамыту және әріптестерді әлеуметтік тұрғыда қолдау. Мереке қарсаңында облыстық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сондай-ақ республикалық БАҚ-тардың жергілікті тілшілері қоныстойын тойлағалы жатыр. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болмақ, – деді ол.
Осы жылы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер беріледі. Оның ішінде Астана қаласына – 15, Алматы қаласына – 15, қалған 18 аймаққа 2 пәтерден бөлінді. Баспана бақыты бұйырғандардың қатарында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Egemen Qazaqstan» газетінің корректоры Әсел Бейсенова да бар. Ол қазақ баспасөзінің қара шаңырағында 16 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газеті тілшілер желісінің үйлестірушісі Әлия Жаманбалинова да жаңа пәтердің кілтін алды.
– Бұл – мереке қарсаңындағы ең үлкен әрі күтпеген сый болды. Осындай қуанышты сәтті сыйлаған барша азаматтарға мың алғыс! Президентке, газетіміздің басшылығына және барша ұжымға шынайы алғысымды білдіремін. Алла баршаңызға денсаулық, амандық беріп, барлық игі ниет-пейілдеріңіз бен тілектеріңіздің орындалуын нәсіп етсін. Қазір қуаныштан ерекше толқып тұрмын, тіпті сөз табу қиын. Шын жүректен рахмет! – деп әріптесіміз Ә.Бейсенова ақжарма тілегін айтты.
Баспанаға үміткерлерді анықтау, пәтерлерді даярлау жұмысын «Dara» президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ редакциялары бірлесе жүргізді. Өткен үш жылда Президент атынан БАҚ саласының 200 қызметкеріне баспана берілген.

