Categories Қаржы

Ұлттық банк алаяқтардың жаңа тәсілдері туралы ескертеді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардың ұялы телефондары мен жеке деректеріне қол жеткізуге бағытталған алаяқтықтың жаңа тәсілдері таралып жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаскөйлер әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолдануда. Әсіресе, адамдардың қырағылығы төмендейтін әуежайлар, теміржол және автовокзалдар сияқты адам көп жиналатын орындар нысанаға алынған.

Ең көп таралған тәсілдердің бірі «шұғыл қоңырау шалу керек» деген сылтаумен ұялы телефонды сұрап алу. Аз ғана уақыт ішінде алаяқтар банктік қосымшалар арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыға HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk және TeamViewer сияқты қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуы мүмкін.

Мұндай бағдарламалар орнатылғаннан кейін қаскөйлер құрылғыны қашықтан басқаруға, SMS арқылы келетін кодтарға, мобильді қосымшаларға, мемлекеттік электрондық сервистерге және жеке деректерге қол жеткізе алады. Кейін бұл ақпарат қылмыстық мақсатта пайдаланылуы ықтимал.

Ұлттық банк тағы бір қауіп ретінде тегін фото немесе бейнетүсірілім жасау сылтауымен биометриялық деректерді жинауды атады. Алаяқтар өздерін жаңадан бастап жүрген фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, портфолиосын толықтыру үшін түсірілімге қатысуды ұсынады.

Жиналған фото және бейнематериалдар кейін жасанды интеллект технологиялары арқылы дипфейк жасауға, сондай-ақ жалған хабарламалар таратып, ақша аударуды сұрайтын алаяқтық схемаларда қолданылуы мүмкін.

Алаяқтық фактілерінің жиілеуіне байланысты Ұлттық банк азаматтарды ұялы телефондарын бейтаныс адамдарға бермеуге, SMS арқылы келген растау кодтарын, банк картасының деректемелерін және басқа да жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға жарияламау керектігін ескертеді.

Сонымен қатар, Ұлттық банк қызметкерлері азаматтарға аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және халықпен ешқандай ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске салды.

Егер азаматтар алаяқтардың әрекетіне тап болса, құқық қорғау органдарына арызбен жүгінгені жөн. Сондай-ақ Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі арқылы байланыс орталығынан кеңес алуға болады.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды. Цифрлық теңге мемлекеттік сатып алуларда, инвестициялық жобаларда, субсидиялау…

Қонаевта кардиологиялық орталық ашылды

Қонаевта кардиологиялық орталық ашылды. Құрылысқа 3 млрд теңге жеке инвестиция салынып, 200 медицина қызметкері жұмысқа…

Қазақстан мен Қытай терең өңдеу жобаларын талқылады

Үрімшіде өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай көмір химиясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және ветеринария…