Сурет: Egemen Qazaqstan
Еуропарламентте «Жаңа Қазақстан: Конституциялық референдумның қорытындылары және демократиялық жаңғыру жолы» атты пікірталас өтті. Жиында Қазақстандағы саяси реформалар мен Еуропалық одақпен ынтымақтастықтың болашағы талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Еуропарламент депутаты Томаш Здеховски Қазақстанды Орталық Азиядағы ЕО-ның негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Оның айтуынша, бұл әріптестік экономикалық, стратегиялық және саяси тұрғыдан маңызды. Депутат шынайы әріптестік тек экономикалық мүдделерге ғана негізделмейтінін, демократиялық басқару, заң үстемдігі, ашықтық және азаматтардың қатысуы бойынша ашық диалог қажет екенін атап өтті.
Здеховскидің сөзінше, талқылау Қазақстанның реформаларда айтарлықтай нәтижеге жеткенін көрсетті, бірақ алда әлі жұмыс бар. Ол ынтымақтастықты дамыту экономикалық әріптестікті нығайту мен ортақ құндылықтарға негізделген өзара ықпалдастықты кеңейтуге сүйенуі керектігін айтты.
Депутат пікірталасқа қатысушыларға алғыс айтып, ЕО-ның Қазақстанмен серіктестікті тереңдетуге және тұрақтылық, өркендеу, демократиялық жаңғыру бойынша диалогты қолдауға дайын екенін растады.

