Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстанда қағаз түріндегі еңбек кітапшалары келесі жылдан бастап қолданыстан шығуы ықтимал. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің айтуынша, еңбек кітапшалары қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтқан. Осыған байланысты еңбек қызметін есепке алудың толық цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.
Бұрын оларды жоғалтып алмауға тырысып, өзімізбен бірге алып жүретінбіз, қажет болса қалпына келтіретінбіз. Қазір еліміздегі барлық жұмыс берушілер бойынша деректер цифрландырылды. Енді кадрлық және басқа да жүйелерді біріктіру қажет. Келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен көшеміз, — деді Ербол Тұяқбаев.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде жұмыс берушілер туралы бірыңғай цифрлық база қалыптасқан. Келесі кезеңде кадрлық қызметтер мен өзге де ақпараттық жүйелер біріктіріліп, еңбек қызметін есепке алу толықтай электронды форматқа көшіріледі.

