Сурет: sportilinet.kz
Бүгін футболдан әлем чемпионатының үшінші тур кездесулері басталады. 25 маусымға қараған түні A, B, C топтарының құрамалары алаңға шығады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Турнир ережесі бойынша соңғы тур матчтары бір уақытта өтеді. Елорда уақытымен 00:00-де В тобындағы командалар ойнайды. Босния және Герцеговина Катармен, ал Швейцария Канадамен кездеседі. Топтағы жағдай әлі анықталмағандықтан, жеңіс барлық команда үшін маңызды.
Сағат 03:00-де С тобында шешуші ойындар өтеді. Марокко Гаитимен, ал Шотландия Бразилиямен ойнайды. Бразилияның жұлдызы Неймар алаңға шығуы мүмкін, ол физикалық жағдайына байланысты алғашқы екі матчты өткізіп алған еді.
А тобындағы соңғы тур ойындары 06:00-де басталады. Оңтүстік Африка Республикасы Оңтүстік Кореямен, ал Чехия турнир қожайыны Мексикамен кездеседі. Мексика құрамасы тобында бірінші орын алып, плей-оффқа мерзімінен бұрын шыққан болатын.
Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындарды qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттарынан, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасынан және «Birge.tv» платформасынан онлайн көруге болады.

