Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстанда жеңілдетілген тұрғын үйді бөлу және кезекке тұру қағидалары өзгерді. Кезектерді тіркеу функциялары жергілікті әкімдіктерден толықтай Отбасы банкке берілді. Енді барлық рәсімдер онлайн форматта жүзеге асырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кезекке тұру үшін өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үй болмауы керек. Сондай-ақ тұрақты тіркеудің болуы міндетті. Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары осы қалаларда кемінде үш жыл қатарынан тіркелген болуы керек. Ал басқа өңірлерде тіркеу мерзімінің ұзақтығы маңызды емес.
Көптеген азаматтар кезектің әрдайым ретімен жылжымайтынын байқайды. Бұл бөлінетін тұрғын үйлердің шамамен 70%-ы басымдық берілетін жеңілдік санаттарына резервтелетінімен байланысты.
Кезектегі орынға отбасы құрамы, табыс деңгейі және жеңілдік мәртебесінің болуы (көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар) әсер етеді. Мүгедектігі бар балаларды диагноз қойылғаннан кейін бірден кезекке қоюға болады. Егер 18 жасқа толғаннан кейін оған І немесе ІІ топтағы мүгедектік берілсе, кезектегі орны сақталады. Көпбалалы отбасында мүгедектігі бар бала дүниеге келсе, ананың бұрынғы кезегі жойылмайды, бірақ оған қосымша жеңілдік негізі беріледі.
Жетім балалар 29 жасқа дейін өтініш бере алады. Осы жасқа дейін олар кезектегі орнын жоғалтпай, өз кезегін басқа өңірге ауыстыруға құқылы. Ал 29 жастан кейін өңірді ауыстырған жағдайда кезектегі орнын сақтау мүмкін емес. Сонымен қатар, ресми қамқоршысының жеке тұрғын үйі немесе ипотекасы болуы жетім баланы кезекке қоюға кедергі келтірмейді.
Балалардың 18 жасқа толуы отбасын кезектен шығаруға негіз болмайды. Ата-аналар кезекте қала береді.
Тұрғын үй бөлінген кезде банк өтініш берушіге SMS-хабарлама жібереді. Кезекте тұрған азаматқа келісімін растау немесе бас тартуды рәсімдеу үшін 5 жұмыс күні беріледі. Бұл әрекеттерді Baspana Market порталындағы жеке кабинет арқылы орындау қажет.
Егер азамат хабарламаны елемей, ешқандай әрекет жасамаса, нақты пәтер бойынша берілген өтінімі күшін жояды. Алайда өңірлік жалпы кезектегі орны келесі тұрғын үй бөлу кезеңіне дейін сақталады.
Бұған дейін ел азаматтарының не себепті жаппай кезек тізімінен шығарылып жатқаны белгілі болған еді. Деректер базасы жергілікті әкімдіктерден Отбасы банкке берілгеннен кейін мамандар ауқымды түгендеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында мыңдаған азаматтың жылдар бойы тұрғын үй кезегінде заңсыз тұрғаны анықталды.

