Сурет: Egemen Qazaqstan
Ертіс-Баян өңірінде 49 мың гектарға жуық алқапты шегірткеге қарсы өңдеу жоспарланған. Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың барлық 10 ауданында, сондай-ақ Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында жүргізіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Фитосанитарлық мониторинг барысында 30 мың гектар аумақта зиянкестер ошағы анықталды. Оның ішінде 6,2 мың гектар жердегі шегірткелер саны экономикалық зияндылық шегінен асып, химиялық өңдеуге жатқызылған. Қазір аталған алқаптардың барлығы толық өңделді. Үйірлі шегірткелерге қарсы жоспарланған жұмыстардың 41 пайызы орындалған. Ең көлемді жұмыс Баянауыл ауданында атқарылып, 2,5 мың гектар жер қамтылды. Сонымен қатар Ақсу қаласының ауылдық аймағында – 812 гектар, Аққулы ауданында – 702 гектар, Май ауданында 160 гектар алқап өңделген.
Жалпы, биыл облыс бойынша шегірткелерге қарсы 49 мың гектарға жуық жерді өңдеу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, өңірдегі фитосанитарлық ахуал тұрақты. Агроөнеркәсіптік кешендегі облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, биыл италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмысымен шамамен 12,8 мың гектар алқап қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге аз. Яғни биыл зиянкестер санының табиғи биологиялық төмендеуі байқалып отыр.
«Химиялық өңдеу жұмысы облыстың барлық 10 ауданында, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында жоспарланған. Саяқ шегірткеге қарсы жұмыс жүйелі атқарылып жатыр. Өңдеу жұмысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 36 мың гектардан сәл асатын алқапта жүргізілді. Бүгінде 31 мың гектары өңделді. Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында, сондай-ақ Павлодар және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында өңдеу жұмысы толық аяқталған», дейді ол.
Шетелдік ғалымдар саяқ шегірткенің кейбір топтары тіпті теңізден де өтіп кететінін дәлелдеген. Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметовтің пікірінше, өткен жаздың аса құрғақ болуы биыл шегірткелердің көбеюіне әсер етіп отыр.
«Ғылыми негізде түсіндірсем, шегірткелер көбіне өз жұмыртқаларын жазық алқаптарда, тереңге салып кетеді. Жұмыртқалар сақталатын арнайы қалташалар болады. Егер күз бен көктем жаңбырлы болса, әлгі қалташалардағы жұмыртқаларға су тиіп, олардың басым бөлігі шіріп кетеді. Есесіне келер жылы одан өнім шығатын дернәсілдер саны азаяды. Ал күз бен көктемде ылғал аз түссе, ол жұмыртқалардың қалташаларда жақсы сақталып қалуына оң әсер етеді. Шегірткенің саяқ түрлеріне егін өсіретін шаруашылықтар ерте бастан қамданғаны дұрыс. Егін шаруашылықтары осы бір кезеңін өткізіп алмауы керек. Ол қанаттанып үлгергенше, күресіп, көзін жойған дұрыс. Саяқ шегіртке жетілу барысында бірнеше рет түлейді, яғни дамиды. Сөйтіп, соңғы саты – қанаты өсіп шығады. Бұл жағдайда оны тоқтату өте қиын», дейді ғалым.

