Тоқаев: Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланыс тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Президент Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Ол Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сонымен қатар еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды. Сондай-ақ көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды. Ол еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.

Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды. Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.

Ұқсас жазбалар

Астанаға бағыт алған Red Wings ұшағы Екатеринбургке кері қайтты

Екатеринбургтен Астанаға ұшқан Red Wings әуе компаниясының жолаушылар ұшағы техникалық ақау салдарынан кері қайтты.

Мемлекет басшысы ЕО және Еуропалық инвестициялық банктің ресми тұлғаларымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ пен Еуропалық инвестициялық банктің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесу өткізді.

Қазақстан туы Солтүстік Американың ең биік шыңына тігілді

Арнайы операциялар күштері Тау дайындығы орталығының альпинистері Солтүстік Американың ең биік нүктесі – Денали шыңын…