Сурет: sportilinet.kz
Бүгін әлем чемпионатының J тобында Аргентина мен Австрия құрамалары екінші тур аясында кездеседі. Сондай-ақ турнир фавориттері Франция мен Норвегия да ойнайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Аргентина мен Австрия арасындағы матч Астана уақытымен сағат 20:00-ге жоспарланған. Ол АҚШ-тың Даллас қаласында өтеді, төреші — мысырлық Амин Омар. Бұл құрамалар тарихта үшінші рет кездеседі: бұған дейін Аргентина бір рет жеңіп, бір ойын тең аяқталған. Бірінші турда Аргентина Алжирді 3:0, ал Австрия Иорданияны 3:1 есебімен ұтқан.
23 маусымға қараған түні сағат 02:00-де Франция мен Ирак ойнайды. Матч Филадельфиядағы «Lincoln Financial Field» стадионында өтеді. I тобындағы алғашқы ойында Франция Сенегалды 3:1, ал Ирак Норвегиядан 4:1 есебімен ұтылған.
Сондай-ақ I тобында Норвегия мен Сенегал кездеседі (23 маусым сағат 05:00), ал сағат 08:00-де Алжир мен Иордания Санта-Кларадағы «Levi’s Stadium» аренасында ойнайды.
Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей көрсетеді. Сондай-ақ ойындарды qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн көруге болады.

