Сурет: Egemen Qazaqstan
Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров өзінің алғашқы мұз шоуын осы жылдың желтоқсанында көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында спортшы отандық теннисші Зарина Дияспен сұхбатында айтты. Ол мұндай жобамен спорттық мансабы аяқталғаннан кейін де айналысқысы келетінін жеткізді. Шайдоров Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға зор мүмкіндік бар деп санайды.
Бұған дейін Олимпиада чемпионына тиесілі сыйақының төрт ай бойы кешіктіріліп төленуі қоғамда талқыланған еді. Кейін спортшы алған қаражатының бір бөлігін жас мәнерлеп сырғанаушыларды қолдауға жұмсайтынын мәлімдеді. Нәтижесінде 4 маусымда Шайдоров спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне жалпы құны 6 миллион теңге болатын сапалы конькилер сыйға тартты. Жуырда Туризм және спорт министрлігі Олимпиададағы жеңісі үшін берілетін сыйақының толық көлемде төленгенін хабарлады.

