Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін келген делегацияларды қабылдады. Мемлекет басшысы Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның жоғарғы сот өкілдеріне ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығында ұйымның рөлі ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастық күшейіп келе жатқанын, ал Түркістанда өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі екенін жеткізді. Ол әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор екенін, сондықтан жоғарғы соттар арасындағы байланысты тереңдету бауырлас елдердің ортақ мүддесіне сай келетінін айтты.
Мемлекет басшысы көптеген елдің жаһандық технологиялық өзгерістерге ілесу үшін қарқынды даму жолына түскенін атап өтіп, осы бағытта күш-жігер біріктіру қажеттігін айтты. Ертеңгі конференцияда сот саласын цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер талқыланады. Президент мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті екенін, пікір алмасу ұйымның дамуына серпін беретінін атап өтті. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық игі бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдер өкілдеріне Қазақстандағы ауқымды реформалар жөнінде мәлімет берді. Ол бірінші шілдеде күшіне енетін жаңа Конституция мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі екенін, онда егемендікті, тәуелсіздікті және жер тұтастығын қорғау негізгі конституциялық міндет саналатынын айтты. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, бейбітшілікке ұмтылу және барлық елмен достық қарым-қатынас орнату мемлекеттің мызғымас қағидаты ретінде айқындалды. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сондай-ақ азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма енгізілді. Адвокатура туралы арнайы бап қосылды. Конституция ережелерін жүзеге асыру үшін бес конституциялық заңға қол қойылып, 70-тен астам Кодекс пен Заңға түзетулер енгізілді. Тамыз айында Құрылтай сайлауы өтеді, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғыртылады.
Президент сот және құқық қорғау саласын реформалау бойынша атқарылған жұмысқа тоқталды. Жиында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев сөз сөйледі.

