Тоқаев: Цифрлық технология диагностика уақытын 4 есе қысқартты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік міндеттемелерді орындау Конституцияда бекітілген мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы өткен жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен 9 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының алғашқы нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады. Бұл міндет табысты орындалып жатыр. Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды (шамамен 18 миллиард доллар). Бұл – өте қомақты сома. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді», деді ол.

Оның айтуынша, тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ. «Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет. Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн. Нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын білесіздер: жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр. Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ. Инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің арқасында диагностика жасау уақыты төрт есе қысқарып, медициналық мекемелердегі әкімшілік жүктеме айтарлықтай азайғанын атап өтті. «Диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды, әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты. Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізіп жатыр. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз», деді Президент.

Ұқсас жазбалар

Астанада 111 адамды алдаған алаяқ 4 жылға сотталды

Астанада азаматтарды оқуға түсіріп, грант алып беремін деп алдаған алаяқ 4 жылға сотталды. 111 адам…

Президент: Сот жүйесі әрбір өркениетті елдің дамуына негіз болады

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы сот өкілдерін қабылдап, сот жүйесінің маңызын атап…

Президент бала өмірін арашалаған дәрігерлердің еңбегін үлгі етті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, Қарағанды облысында төрт жасар баланың өмірін…