Сурет: Egemen Qazaqstan
Таиланд билігі шетелдіктер үшін визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартты. Бұл шешім туризмді шектеу емес, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қабылданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Паттайяда өткен халықаралық көрмеде Таиланд туризм басқармасы өкілдерінің түсіндіруінше, 60 күндік визасыз режим енгізілгеннен кейін заңсыз жұмыс істейтін немесе көші-қон талаптарын бұзатын шетелдіктер саны артқан. Осыған байланысты мерзімді қысқарту туралы шешім қабылданды.
Басқарманың Еуропа нарығына жауапты өкілі Чиравади Кхунсубтың айтуынша, ұзақ уақыт тұрып, қашықтан жұмыс істеуді жоспарлайтындар үшін Digital Nomad визасы қарастырылған.
– Қазақстан азаматтары да осы визаны рәсімдеу арқылы Таиландта заңды түрде ұзақ мерзім бола алады. Қосымша ақпаратты Таиланд Корольдігінің Астанадағы елшілігінен алуға болады, – деді ол.
Туризм басқармасының дерегінше, шетелдік туристердің Таиландтағы орташа демалыс ұзақтығы тоғыз күн, ал 90 пайызы 30 күннен артық болмайды. Ведомство жаңа талаптар туристік ағынға айтарлықтай әсер етпейтінін және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

