Categories Жайық news

Оралда «Әулеттің алтын діңгегі – 2026» облыстық жас келіндер байқауының жеңімпазы анықталды

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған «Әулеттің алтын діңгегі – 2026» облыстық жас келіндер байқауы өтті.

Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Байқауға Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласынан келген жас келіндер қатысып, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеру деңгейін, шығармашылық қабілеттерін, аспаздық және қолөнер шеберліктерін, сондай-ақ отбасылық өмірдегі түрлі жағдайларды парасатпен шеше білу дағдыларын көрсетті.

Байқау бес кезең бойынша өтті. Қатысушылар өзін таныстыру, ұлттық дәстүрлерді заманауи форматта дәріптеу, отбасылық мәселелерге қатысты ситуациялық тапсырмаларды орындау, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын таныстыру, шығармашылық өнер көрсету және этно-modern үлгісіндегі сән көрсетілімінде бақ сынады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – қазақ келінінің отбасы мен қоғамдағы рөлін насихаттау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және заманауи келіннің жан-жақты бейнесін қалыптастыру.

«Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Ғалымқызы байқаудың отбасы құндылықтарын дәріптеудегі маңызына тоқталды.

– Бүгінде жас келіндер отбасы тіршілігін, кәсіби қызметін және қоғамдық белсенділігін қатар алып жүр. Бұл байқау ұлттық дәстүрлер мен заманауи өмір салтының өзара үйлесім табатынын көрсетеді. Біз отбасы институтын нығайтуға үлес қосып жүрген, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын нәзік жандарды қолдауды мақсат етеміз. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпаққа өнеге болатын үлгілі келіндердің тәжірибесін насихаттай аламыз, – деді Алтынай Ғалымқызы.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде мен «Әулеттің алтын діңгегі – 2026» атағын Бөкейорда ауданының қатысушысы Пангереева Ару Ерболқызы жеңіп алды.

Жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

* І орын – Сами Аякөз Бексұлтанқызы (Бөрлі ауданы);

* ІІ орын – Тайырова Гүлсезім Медетқызы (Казталов ауданы);

* ІІІ орын – Отарбаева Дана Қуанышқызы (Теректі ауданы);

* ІІІ орын – Айболатова Жадыра Асылханқызы (Жаңақала ауданы).

Жалпы байқауға облыстың әр ауданынан 12 жас келін қатысты. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен, гүл шоқтарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар мұндай жобалар ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау мен дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ұқсас жазбалар

Второй шанс без угрозы для общества – депутат рассказала, что предусматривает амнистия к новой Конституции

Депутат Мажилиса Парламента Снежанна Имашева разъяснила порядок применения амнистии, приуроченной к принятию новой Конституции. Она…

Қауіпсіз жаз: БҚО бойынша ЭТТД қызметкерлері балаларды қаржылық сауаттылыққа үйретуде

Батыс Қазақстан облысында «Заң және Тәртіп» нарративі аясында БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің алдын алу…

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы уақытша қызметінен шеттетілді

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев 3 маусымнан бастап бір ай мерзімге…