Categories Ақорда

Премьер-министр Ташкент форумында Өзбекстан президентімен кездесті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министр Олжас Бектенов V Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың үлгісі екені, ол сенімге, өзара түсіністікке және достыққа негізделгені атап өтілді. Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтар көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға серпін беріп отыр.

2025 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 16,2 пайызға артып, 4,8 млрд долларға жетті. Биылғы қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы 1,9 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 42,1 пайызға артық. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, көлік-логистика, энергетика, су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Форумға Өзбекстан мен Албания президенттері, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан үкімет басшылары, сондай-ақ бизнес, халықаралық даму банктері мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Іс-шарада тұрақты экономикалық даму, инвестиция тарту және инновациялар енгізу мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов форумда Қазақстан Орталық Азияның экономикалық әлеуетін ашу үшін өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді қолдайтынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар орнықты әртараптандырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Инвестициялық ахуалды жақсартуға және іскерлік белсенділікті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа Конституция әділетті әрі қуатты мемлекет құрудың негізін қалап, іскерлік ортаны жетілдіруге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылды. Шетелдік капитал тарту үшін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басым нарықтардағы қатысуы күшейтіледі. Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бизнестің заңды мүдделерін қорғайды. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Altyn Visa» арнайы визалық режімі енгізілуде. Бұл шаралар инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және жоғары технологиялы салалардың дамуын жеделдетуге бағытталған.

Премьер-министр цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық әлеуетін атап өтті. Қазақстан жаңа буын IT-экожүйесін қалыптастыруда. Екі суперкомпьютер іске қосылып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналуға бағытталған «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылады. Жобаны дамытуға Firebird және NVIDIA 10 млрд доллар инвестиция салып отыр.

Ұқсас жазбалар

Солтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, энергетикалық…

Олжас Бектенов ҚТЖ басшылығына транзиттік тасымалдау жоспарының кешігуін ескертті

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ҚТЖ басшылығына транзиттік тасымалдау жоспарының кешігуін ескертіп, бекітілген көрсеткіштерді уақтылы…

Цифрландыру үдерісін жоғары бағалады

Премьер-министр Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесті.