Categories Көңіл ашар

Жозимардың қақпасы сыр бермеді: Испания-Кабо-Верде матчы тең аяқталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Кеше дүниежүзілік доп додасының тағы төрт ойыны өтті. «Н» тобында Испания мен Кабо-Верде Атлантада, Сауд Арабиясы мен Уругвай Майамиде, «G» тобында Бельгия мен Мысыр Сиэтлде, Иран мен Жаңа Зеландия Иглвудте кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Футболдан хабары барлардың көбі Испания құрамасы халқы 500 мыңнан асатын Кабо-Вердені оңай жеңеді деп күткен еді. Испания 2010 жылы әлем чемпионы атанып, соңғы Еуропа чемпионатында топ жарған, биылғы мундиальда басты фавориттердің бірі. Ал Кабо-Верде алғаш рет мұндай дүрмекке қатысып отыр.

«Доп – домалақ» дегендей, испандықтардың Ламин Ямаль, Ферран Торрес, Родри, Педри, Дани Ольмо, Нико Уильямс сияқты жұлдыздары барлық шабуылдарына тойтарыс алды. Кабо-Верденің 40-тан асқан қақпашысы Жозимар Диаш Возинья сегіз сейв жасап, қақпасын аман сақтады. Нәтижесінде фаворит пен дебютант арасындағы бәсеке 0:0 есебімен тең аяқталды.

Сауд Арабиясы мен Уругвай матчында да сенсация болды. 41-минутта Хасан әл-Тамабактидің соққысын Фернандо Муслера қайтарғанымен, Абулела әл-Әмри бірінші болып жетіп есеп ашты. 80-минутта ұқсас жағдай Сауд Арабиясы қақпасы алдында қайталанды, бұл жолы Максимилиано Араухо допты қақпаға тоғытты – 1:1.

Бельгия мен Мысыр матчында еуропалықтар тізгінді ұстауға тырысып, толассыз шабуылдады, бірақ қарсыластары сауатты қорғанды. 20-минутта Эмам Ашурдың соққысына Тибо Куртуа үлгермеді. Гол жіберіп алған соң бельгиялықтар жағдайды түзеуге талпынды, бірақ мысырлықтар ырқына көнбеді. 66-минутта Руди Гарсия алаңға Ромелу Лукакуды шығарды. Шабуылшы шыққан бетте айып алаңына кіріп, оның соққысы Мұхамед Ханидің аяғына тиіп, автоголға айналды – 1:1.

Иран мен Жаңа Зеландия матчында төрт гол соғылды. Жаңа зеландиялықтар екі рет алға шықты, Элайджа Джаст дубль жасады. Бірақ Иран екі рет есепті теңестірді: голдарды Рамин Резаэян мен Мұхаммед Мохеби салды. Осылайша, төрт ойынның барлығы тең есеппен аяқталды.

Ұқсас жазбалар

Димаш Құдайберген Алтай төрінде ән шырқайды

10-12 шілде аралығында Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өтеді. Басты қонақ –…

Бас жүлде – 100 мың доллар: Жаңа республикалық әдеби байқау жарияланды

Мәдениет және ақпарат министрлігі проза жанрына арналған «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқауды жариялады.

Алматы хайуанаттар бағына АҚШ-тан канадалық сілеусіндер әкелінді

Алматы хайуанаттар бағына АҚШ-тан канадалық сілеусіндердің жұбы әкелінді. Жануарлар 6 сәуірде жеткізіліп, ветеринарлық бақылаудан өткен.