Categories Қаржы

Депутаттар электронды сауда салығын жеңілдетуді ұсынды

Сурет: Kazinform

Қазақстандағы электронды сауда нарығы соңғы жылдары қарқынды өсіп, 3,2 триллион теңгеге жетті. Бұл салада 738 мыңға жуық адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіпкерлер сатылымның азаюы, экспорт пен импорттағы әкімшілік кедергілер, маркетплейстердегі жосықсыз бәсеке және салық жүктемесінің артуы туралы айтады. Әсіресе шетелдік платформаларда ережелер өзгеріп, негізсіз айыппұлдар салынады. Мәжілісте Respublica фракциясының депутаттары бұл мәселені көтеріп, электронды коммерцияға салынатын салықты жеңілдетуді, экспорттағы кедергілерді жоюды және логистиканы дамытуды ұсынды.

Депутаттар мен сарапшылардың пікірінше, тәртіп орнату үшін қабылданып жатқан кейбір шешімдер көлеңкелі экономиканы емес, адал бизнесті әлсіретеді.

– Ресейге тауар экспорттағанда қосарланған ҚҚС біздің кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына кедергі келтіріп отыр. Қазақстандық сатушы салықты екі рет төлейді. Соның салдарынан оның тауары ресейлік өнімнен 22-38% қымбат болып шығады. Ал 1 шілдеден бастап енгізілетін заңды импорт талаптарына қажетті инфрақұрылым дайын емес. Айналымы небәрі 300 мың теңге болатын шағын кәсіпкердің брокер жалдап, тауарын кедендік рәсімдеуден өткізуге шамасы жетпейді. Бұған қоса, маркетплейстерде сауда жасау үшін қажет NTIN жүйесі тұрақты жұмыс істемейді: жиі істен шығады, тауар карточкаларын қайталайды және сауда платформаларымен толық интеграцияланбаған, – деді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Оның айтуынша, ірі платформалар нарықтағы басым мүмкіндіктерін пайдаланады. Қазақстандық сатушылар үшін жеңілдіктер 0-5% болса, ресейлік сатушыларға 25-30% дейін ұсынылады.

Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев тепе-теңдік қажет екенін айтты. Оның сөзінше, салық салу, логистика және шетелдік платформалармен бәсекеге қатысты мәселелер әлі де талқылануы керек.

Спикер мемлекет кәсіпкерлік белсенділікті тежейтін артық реттеуге жол бермей, инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғау арқылы әділ ережелер қалыптастыруға ұмтылатынын жеткізді.

Онлайн сауданың бөлшек саудадағы үлесі 14,3 пайызға жеткен. Қазір ЕАЭО және Түркі мемлекеттері ұйымы аясында электронды саудаға қатысты бірқатар келісімдер пысықталуда.

Селлерлер қауымдастығының негізін қалаушы Артем Бухонин барлық талапты орындап, салық төлеп отырған кәсіпкерлерге жеңілдік жасалмайтынын айтты.

– Біз заң талаптарын орындаймыз, салық төлейміз. Ал ірі платформалар түрлі жеңілдіктердің арқасында ҚҚС пен корпоративтік табыс салығынан босатылған. Соның нәтижесінде микрокәсіпкер төлейтін салық көлемі кей жағдайда маркетплейстің өзінен де көп болып отыр. Мұндай жағдайда адамдарға бизнесті Қазақстанда жүргізгеннен гөрі өзге елге көшіру тиімдірек көрінеді. Біз салық төлейтін кәсіпкерлерді өз қолымызбен ығыстырып жатырмыз, – деді А.Бухонин.

Селлерлер қауымдастығы бірнеше нақты ұсыныс айтты: міндетті заңды импорт талаптарын кейінге қалдыру, шағын партиялар үшін жеңілдетілген микроимпорт режимін енгізу, B2B саудасы бойынша шегерімдерді қайтару және Қырғызстан тәжірибесіне ұқсас маркетплейстерге арналған арнайы салық режимін енгізу. Бұл модель бойынша кәсіпкерлер ашық айналымнан 2% көлемінде салық төлейді.

Фракция жүйелі ұсыныстар пакетін әзірледі. Оның ішінде ЕАЭО аясында қосарланған ҚҚС-ты жою бойынша келіссөздерді бастау, NTIN және ҰТТ жүйелерін жетілдіру мен кәсіпкерлерді оқыту үшін алты айлық өтпелі кезең енгізу, сатушыларды ұлттық белгісі бойынша кемсітуге заң жүзінде тыйым салу және электронды коммерция үшін арнайы салық режимін қалыптастыру ұсынылған.

Бұл режим аясында кәсіпкерлер айналымнан емес, пайдадан салық төлеп, салық мөлшерлемесі бизнестің дамуына кедергі келтірмейтін деңгейде болуы тиіс.

Сондай-ақ салмағы 50 келіге дейінгі тауар партиялары үшін брокерсіз заңды микроимпорт режимін енгізу және импорттық өнімдерді сатып алуға арналған «Даму» қорының жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын қайта іске қосу қажеттігі айтылды.

– Алдағы алты ай ішінде бұл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай әлеуеті 7,7 триллион теңге және 250 мың жаңа жұмыс орны болатын нарықтың орнына экономика 1,5 триллион теңге жоғалтып, шамамен 90 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін, – дейді партия.

Қазақстандық компаниялар Alibaba платформасында 167,7 млн доллардың тауарын сатқан. Қазақстанда маркетплейстерге «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды іздеу нәтижелерінде бірінші көрсету міндеттелуі мүмкін.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан халықаралық банктерден 470 миллиард теңгеден астам қарыз алады

Парламент Мәжілісі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады.

Елімізде бес айда 3 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды

2026 жылдың бес айында Қазақстанда 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

ХВҚ: 2026 жылы инфляция 10 пайыз шамасында сақталады

Халықаралық валюта қорының сарапшылары Қазақстанда болып, экономиканың қазіргі жағдайын талқылады. ХВҚ болжамы бойынша, 2026 жылы…