Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
1 шілдеден бастап елімізде ипотека рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұл тұрғын үй нарығына қалай әсер ететіні белгісіз, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Halyk Research» зерттеу орталығының дерегінше, биылғы қаңтар–сәуір айларында құрылыс көлемі 14,5 пайызға өскен. Алайда бұл өсім негізінен инфрақұрылымдық жобалар есебінен болған. Тұрғын үй секторында жағдай басқаша: пайдалануға беру қарқыны 6,8 пайыздан 4,9 пайызға төмендеп, ғимараттар құрылысы 3,4 пайызға қысқарған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айында бастапқы нарықтағы баға былтырғымен салыстырғанда 15,9 пайызға өскен. Ең жоғары өсім ірі қалаларда тіркелген: Астанада 18,5 пайыз, Алматыда 19,8 пайыз, Ақтөбеде 19,9 пайыз. Ал қайталама нарықта баға 0,6 пайызға арзандаған.
Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов құрылыс компанияларының бағаны ұзақ мерзімге бекіту тәжірибесіне көшкенін айтады. «Егер сұраныс жоғары болса, компаниялар бағаны ұстап тұруға ұмтылмас еді. Қазір кейбір девелоперлер белгілі бір талаптар орындалса, пәтер құнын алты айға дейін өзгеріссіз сақтауға дайын. Бірақ бұл баға төмендейді дегенді білдірмейді», дейді ол.
Тәуелсіз сарапшы Светлана Нұртазинаның пікірінше, мәселе көбіне жоспарлау кезеңінде туындайды. «Техникалық-экономикалық негіздеме толық пысықталмайды, инженерлік желілерге қатысты мәселелер кейін анықталады. Нәтижесінде жоба қымбаттап, мерзімі созылады», дейді маман.

