Сурет: ChatGPT
АҚШ, Канада және Мексикада футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні басталады. Kazinform тілшісі қазақстандықтардың қай құрамаларды қолдайтынын анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан құрамасы финалдық кезеңге жолдама алмағанымен, елде әлемдік футбол додасына деген қызығушылық жоғары. Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер өз таңдауларын белсенді талқылап, пікірлер бірнеше топқа бөлінген.
Ең басты тренд – Өзбекстан құрамасын қолдауға арналған хэштегтер мен жазбалардың жаппай таралуы. Қазнетте қолданушылар «шын жүрекпен жанкүйер боламыз» деген жазбаларды белсенді таратуда.
Месси мен Роналдудың жеке жанкүйерлері де белсенді. Аргентина мен Португалия құрамаларын қолдайтын мыңдаған адам пікір қалдыруда. Бұл екі аңыз футболшы үшін әлем чемпионаты мансаптағы соңғы аккорд болуы мүмкін.
Қазақстандық интернет қолданушылары «Лео кубокты екінші рет көтере ала ма?» немесе «Роналду алғаш әрі соңғы рет әлем чемпионы атана ма?» деген тақырыптарды қызу талқылауда.
Ірі спорттық медиа платформалардағы пікірлерге қарағанда, қазақстандықтардың бір бөлігі дәстүрлі фавориттерге – Бразилия, Франция, Англия, Аргентина, Португалия және Германия құрамаларына қолдау білдіреді.
Kazinform тілшісі тілдескен қазақстандықтар өз таңдауларын айтты. Алматы қаласының 32 жастағы Қайрат есімді тұрғыны екі құрамаға жанкүйер болатынын, бірақ олар бір топта өнер көрсететінін айтты.
Мен Португалия мен Өзбекстан құрамаларының жанкүйермін. Бірақ олар бір топта ойнайды. Менің көптеген досым Өзбекстанды қолдайды. Егер олар жақсы нәтиже көрсетсе, бұл қазақстандық футбол үшін де үміт сыйлайды деп ойлаймын. Көршілеріміз қалыптасқан стереотиптерді бұзады деп сенемін. Ал Португалия десе – Криштиану Роналду еске түседі. Бұл чемпионат оның мансабындағы Last dance of king болуы мүмкін, – деді ол.
Көкшетау қаласының 27 жастағы Айсұлу есімді тұрғыны футбол мен басқа спорт түрлерін тұрақты қадағалайды. Ол турнирді қабылдаушы елдердің құрамаларын да елемеуге болмайтынын айтты.
Қазіргі құрамына қарасақ, Испания мен Франция ең мықты командалардың қатарында. Маған Мбаппенің ойыны ұнайды. Бірақ өткен әлем чемпионатындағыдай тосын сый жасайтын команда да болуы мүмкін. Мен Франция мен Канада құрамаларына жанкүйер боламын, – деді ол.
Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде жұмыс кестесі мен матчтарды көру уақытын қалай үйлестіруге болатынын да талқылауда. Уақыт айырмашылығына байланысты ойындардың көпшілігі Қазақстанда түнде немесе таңертең ерте көрсетіледі. Дегенмен, жанкүйерлер матчтарды көру үшін ұйқыдан бас тартуға дайын екендерін жазған.
Сондай-ақ интернет қолданушылары ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің Солтүстік Америкадағы қауіпсіздікке қатысты ұсынымдарын, оның ішінде Мексикадағы денге қызбасы туралы ескертулер мен визалық режим ерекшеліктерін талқылауда.

