Сурет: скрин
Футболдан 23-ші әлем чемпионатының ашылу салтанаты басталды. Рәсім Мехико қаласында алғашқы матчқа 90 минут қалғанда өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ФИФА ұйымдастырған музыкалық шоудың көркемдік және визуалдық тұжырымдамасына Олимпиада ойындарының салтанатты рәсімдерін қоюшы Марко Балич жауапты. Шоудың негізгі идеясы дәстүрлі papel picado өнері мен ұлттық фольклордан шабыт алған.
Италиялық опера әншісі Андреа Бочелли француз диджейі Давид Гетта, америкалық рэпер Megan Thee Stallion және әнші EJAE-мен бірге турнирдің DNA атты ресми әнұранын жанды дауыста орындады. Ал Шакира мен нигериялық әнші Burna Boy әлем чемпионатының Dai Dai атты ресми әнін алғаш рет стадион сахнасында таныстырды. Оларға Уганданың Ghetto Kids би тобы қосылды.
Латынамерикалық мәдениеттің көрінісі ретінде мексикалық Maná рок-тобы, әншілер J Balvin, Danny Ocean, Белинда, Алехандро Фернандес, Лила Даунс және Los Ángeles Azules тобы сахнаға шықты. Оңтүстік Африкалық әнші Tyla өз елінің мемлекеттік әнұранын орындады. Мерекелік кешті Голливуд жұлдызы Сальма Хайек ашып, жанкүйерлерге құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстан уақыты бойынша 12 маусым түнгі сағат 00:00-де Мехикода әлем чемпионатының алғашқы матчы басталады. Турнир ойындары Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесулердің басым бөлігі елімізде түнгі немесе таңғы уақытта өтеді.
Алғашқы ойында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі. Бұл 2010 жылғы әлем чемпионатының ашылу матчының қайталануы, онда командалар 1:1 есебімен тең түскен еді. «Ацтека» стадионы тарихта үшінші рет әлем чемпионатын қабылдаған алғашқы арена атанады.
Алғашқы ойын күні Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының матчымен аяқталады. Кездесу Гвадалахара қаласындағы «Акрон» стадионында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойын 12 маусым күні таңғы сағат 07:00-де басталады.

