Сурет: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. 11 маусымдағы мәлімет бойынша, 954 мың гектар немесе жоспарланған аумақтың 43 пайызы өңделді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, биыл жалпы 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Мұндай азаю Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстар мен өсімдіктерді қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістердің нәтижесі. Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, үдерістер орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты.
«Желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралып, көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Бұл тартылған техниканың санын 556 бірлікке арттыруға мүмкіндік берді, яғни 2025 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Сонымен қатар, фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторинг жұмыстарына, 46-сы химиялық өңдеу жүргізуге арналған», делінген хабарламада.
Шегірткеге қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «FITOCENTRE» қосымшасы іске қосылды. ФАО-мен бірлесіп цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз аппараттарды қолдануға бағытталған серіктестік жоба жүзеге асырылуда. Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмыс істейді.

