Categories Қаржы

Салық төлеуді кейінге қалдырғандар ұтты: зейнетақы жинағынан салық алынбайды

Сурет: Egemen Qazaqstan

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражатқа жеке табыс салығы салынбайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін зейнетақы жинағынан алынатын төлемдер табыс ретінде есептеліп, 10 пайыз салық салынатын. Азаматтар салықты бірден төлеу немесе зейнетке шыққанда бөліп төлеу тәсілін таңдай алатын. Қазір заң өзгеріп, кейінге қалдырылған салық міндеттемелері жойылды, бірақ бұрын төленген салық қайтарылмайды.

Салық маманы Балжан Бақытқалиқызының айтуынша, заңның кері күші болмайды. «Жаңа Салық кодексі аясында зейнетақы қорынан ақша алған кезде жеке табыс салығы ұсталмайды. Бірақ бұрын төленген салық кері қайтарылмайды. Себебі заң бүгін қабылданса, ол ертеңнен бастап күшіне енеді, бірақ бұрынғы кезеңге қолданылмайды», — деді маман.

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамы филиалының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов те бұрын төленген салықтың қайтарылмайтынын растады. «Тұрғын үйге немесе емделуге пайдаланылған зейнетақы жинақтарына қатысты кейінге қалдырылған жеке табыс салығы міндеттемелері толықтай жойылды. Яғни зейнетақы қорындағы артық ақшасын пайдаланып, салық төлеуді кейінге қалдырғандар енді бұл салықты төлемейді», — деді М.Шәріпов.

Өзгерістер ерікті зейнетақы жарналарына да қатысты. 2026 жылдан бастап ерікті зейнетақы жарналарына берілетін салықтық шегерімдер жойылады, ал ерікті жарналар есебінен төленетін қаражат жеке табыс салығынан босатылады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен өсіп, биыл қызметкер жалақысының 3,5 пайызына жетті. Бұл жүйе 1975 жылдан кейін туған азаматтарға арналған, себебі олардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі аз немесе жоқ.

Болашақта зейнетақы үш бөліктен құралады: базалық зейнетақы, азаматтың өз жинағы және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары. БЖЗҚ мәліметінше, қор активтері 25,9 трлн теңгеге жеткен. Соңғы бес жылда отандастар тұрғын үй, емделу және басқа мақсаттарға шамамен 5,7 трлн теңге пайдаланған, оның көп бөлігі ипотека мен кредит жабуға жұмсалған.

Ұқсас жазбалар

Май экспортынан түскен пайда рекордтық деңгейге жетті

Қазақстанда май өнімдерінің экспорттық кірісі төрт жылда төрт есеге артып, 963 млн долларға жетті. Бұл…

Екібастұзда деректер орталығының құрылысы басталды

Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта учаске қоршалып, аумақты жоспарлау және…

Емхана қызметкері болып хабарласқан алаяқтардан сақ болыңыз

Ел тұрғындарына дәрігердің қабылдауына жазылуға қатысты алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерту жасалды.