Categories Қаржы

2027 жылдан бастап ипотека мөлшерлемесі алғашқы жарна көлеміне байланысты болады

Сурет: gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қарыздар және микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Ұлттық банк басқармасымен бірлескен қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленіп, нормативтік құқықтық актілердің келісілуін қамтамасыз етуге және талаптардың қайталануын болдырмауға бағытталған.

Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерін белгілеуге қарыз мөлшерінің кепіл нысанасының құнына қатынасы коэффициентіне (Loan-to-Value, LTV) байланысты сараланған тәсілді енгізу болмақ.

LTV индикаторы ипотекалық қарыз сомасының кепілмен қамтамасыз ету құнына қатынасын көрсетеді және ипотекалық кредит берудегі кредиттік тәуекелдің негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады.

LTV көрсеткіші сатып алынатын тұрғын үй құнындағы қарыз қаражатының үлесін көрсетеді және қарыз алушының бастапқы жарнасының мөлшеріне байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, LTV мәні, қарыз қаражатының үлесі және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кредиттік тәуекел деңгейі соғұрлым төмен болады.

«Осыған байланысты жобада ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖЭТСМ шекті мөлшерін төмендегідей белгілеу көзделеді: LTV мәні қоса алғанда 0,7-ге 20%-ға дейін; LTV мәні 0,7-ден жоғары болған кезде 25%-ға дейін. Осылайша, бастапқы жарнасы оның құнының кемінде 30%-ы болатын тұрғын үй сатып алатын қарыз алушылар ипотекалық тұрғын үй қарыздарын неғұрлым төмен құны бойынша ала алады», делінген хабарламада.

Ұсынылған тетік қарыз алушылардың бастапқы жарнаны қалыптастыруын ынталандыруға, ипотекалық нарықты реттеудің тәуекелге бағдарлануын арттыруға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша неғұрлым әділ баға белгілеуді қамтамасыз етуге және банк секторының орнықтылығын қолдауға бағытталған.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2027 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖСТМ-нің шекті мөлшері қолданыстағы деңгейде – 25% болып сақталады.

Ұқсас жазбалар

Емхана қызметкері болып хабарласқан алаяқтардан сақ болыңыз

Ел тұрғындарына дәрігердің қабылдауына жазылуға қатысты алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерту жасалды.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендетті. Жылдық инфляция мамырда 10,4% болды.

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамына қатысты пікір білдірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, валюта нарығындағы өзгерістер…