Сурет: instagram/kuat__khamitov
Қазақстандық жекпе-жек шебері Қуат Хамитов грэпплинг бойынша UFC рейтингінің жеңіл салмақтағы көшбасшыларының бірі Арман Царукянмен кездеседі. Бұл жекпе-жек RAF промоушені ұйымдастыратын турнир аясында өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл кездесу Грузияда өтетін турнир бағдарламасына енгізілген. Жоспар бойынша турнир 11 шілде күні өтеді.
Бұған дейін Қуат Хамитов өз салмағында екінші нөмірлі жекпе-жек шебері атанған Арман Царукянмен күрескісі келетінін бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ спортшылар арасында өткен кездесулерде өзара пікір алмасу болып, екі тарап та бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан.
Қуат Хамитов 64 қарсыласын жеңген чемпионмен төбелеседі. Арман Царукян UFC-дегі соңғы жекпе-жегінде Дэн Хукерді мерзімінен бұрын жеңді. Алдағы уақытта бұл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеу үшін Джастин Гэтжи мен Пэдди Пимблетт жұдырықтасады.
Еске сала кетейік, Қуат Хамитов бұған дейін әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты тәртіптік жазаға тартылған болатын.

