Categories Саясат

Қазақстанда жылына 10 млн тонна өңдейтін ірі мұнай өңдеу зауытын салуға дайындық басталды

Қазақстанда қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жобасы практикалық іске асыру кезеңіне өтуде. Жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу басталды.

Қазақстанда болашақта мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы мүмкін ірі мұнай өңдеу кешенін салуға дайындық жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруға дайындық басталды.

Энергетика министрлігі мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде жобаны ведомствоаралық деңгейде үйлестіруді жүзеге асырады. Жобаның тапсырыс берушісі — SK Ondeu («Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы). Алты ай ішінде халықаралық инжинирингтік команда кешенді алдын ала зерттеулер жүргізеді, оның қорытындысы бойынша Үкіметке болашақ зауыттың техникалық және экономикалық параметрлері ұсынылады.

Алдын ала ТЭН шеңберінде бірқатар негізгі бағыттар пысықталады. Бірінші кезекте шикізатпен қамтамасыз етудің ең тиімді схемасы айқындалады — Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайын өңдеу, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізатты пайдалану нұсқалары қарастырылады.

Сонымен қатар зауыт салынатын орынды таңдау мәселесіне ерекше назар аударылады. Сарапшылар көлік логистикасын, теміржол инфрақұрылымына қолжетімділікті, өнім өткізу нарықтарына жақындығын, экологиялық талаптарды және инженерлік коммуникациялардың болуын бағалайды.

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов атап өткендей, жаңа кешеннің құрылысы ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін прагматикалық әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып табылады. Оның айтуынша, жобаның орналасуы мен конфигурациясына қатысты барлық шешімдер тек экономикалық тиімділік пен техникалық есептеулер негізінде қабылданатын болады.

Жобаның ғылымды қажетсіну деңгейі отандық ғылыми-зерттеу орталықтары мен бейінді жоғары оқу орындарын тарту арқылы қамтамасыз етіледі. R&D құрылымдары отын стандарттарын, технологияларды және катализаторларды жетілдірумен айналысады, ал университеттер болашақ өндіріс үшін кадрлар даярлайды.

Алдын ала құжаттама негізінде Үкімет жобаны жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу сатысына көшіру, халықаралық инвесторларды тарту және зауыт құрылысын бастау туралы шешім қабылдайды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мұнай өңдеу саласын 2025–2040 жылдарға дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда және экономиканы шикізаттық модельден терең өңдеуге кезең-кезеңімен көшіруге бағытталған.

Ұқсас жазбалар

Жеке сот орындаушылар міндетті түрде аттестаттаудан өтеді

Қазақстанда жеке сот орындаушыларын міндетті аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр. Бұл — олардың заңнама мен Кәсіби…

Мәжіліс машина жасаушыларды қолдайтын заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс машина жасау саласын қолдауға бағытталған заң жобасын қабылдады. Отандық өндірушілер салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар…

Қазақстан мен Макао экстрадиция келісіміне қол қойды: қылмыскерлер жасырына алмайды

Қазақстан Бас прокуроры Берік Асылов Макаоға сапармен барып, экстрадиция келісіміне қол қойды. Құжат қылмыскерлерді беру…