Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық музей күніне орай құттықтау жолдады. Оның айтуынша, елімізде 286 музей жұмыс істейді, онда 4,5 миллионнан астам жәдігер сақтаулы тұр.
«Музейлер – ұлттық жадымыздың алтын қоры. Әрбір экспонат – тарихымыздың куәсі», – деді Балаева.
Министр музей қызметкерлеріне алғыс айтып, мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі музейлерге келушілер саны жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстандағы ең ірі музейлер – Ұлттық музей, Оралдағы облыстық өлкетану музейі және Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей. Бұл мекемелерде сирек кездесетін археологиялық олжалар мен этнографиялық коллекциялар жинақталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

