Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтетіні белгілі болды. Бұл реформа елдің саяси жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Конституциялық реформаға Президенттің бір палаталы Парламент құру және саяси жүйені жаңғырту туралы бастамасы негіз болды. Жобаны әзірлеуге 130 адамнан құралған Конституциялық комиссия мен арнайы жұмыс тобы атсалысты. Құжатты талқылау кезінде азаматтардан eGov және e-Otinish порталдары арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Жаңа Конституция жобасында бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған. Ең бастысы — Парламентті реформалау. Екі палатаның орнына 145 депутаттан тұратын, кеңейтілген өкілеттігі бар бір палаталы Парламент — Құрылтай құрылады. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланады.
Сонымен қатар, елде жаңа институттар пайда болады. Атап айтқанда, вице-президент лауазымы енгізіліп, ұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстан Халық Кеңесі құрылмақ.
Жаңа құжатта адам құқығы мен бостандығына басты назар аударылған. Елімізде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау және адвокатура институты туралы нормалар конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұдан бөлек, некенің ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені, сондай-ақ білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақтыланды.
Мемлекеттік негіздер де жаңартылды. «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірден-бір бастауы — халық екені айқын жазылды. Комиссия отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі жобаның ашық жағдайда дайындалғанын көрсетеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

