Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Сербия президенті Александр Вучичпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін оны еліміздің ең жоғары наградасымен марапаттады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Президент Александр Вучичке және оның делегация мүшелеріне Астанаға ресми сапармен келуге шақыруды қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Тоқаевтың айтуынша, Сербия – Қазақстанның Балқан аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі.
«Біздің ынтымақтастығымыз достықтың, өзара қолдаудың және ортақ мүдделердің берік іргетасына негізделген. Екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды үлкен ілтипатпен еске аламын. Сол кезде қол жеткізілген келісімдердің бүгінде сәтті жүзеге асып жатқанын атап өткім келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия барлық деңгейде сенімге негізделген саяси диалог құрып, үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды нығайтты. Сондай-ақ экономика, сауда және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл тұрақты түрде артып келеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сербиялық әріптесінің екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан елеулі үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Бүгін мен Александр Вучич мырзаға Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстадым. Бұл – қазақ халқының Сізге және бүкіл Сербия халқына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі. Достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая беретініне сенімдімін», – деп мәлімдеді Президент.
Фото: Әлеуметтік желіден

