Categories Шартарап

Алакөлде туристік маусым салтанатты түрде ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Алакөл жағалауында биылғы туристік маусымның ресми ашылуына арналған «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындар мен демалушыларды туристік маусымның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы ауқымды концерттік бағдарламалар тамыз айына дейін жалғасып, аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері ұсынылып отыратынын айтты. Өңірдің қала-аудандарының өнерпаздары, «Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауына қатысқан әнші, биші, күйшілер келіп, демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады.

Фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Дінисламбек Жайлаубай, сондай-ақ, қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай және Зарина Омарова өнер көрсетті. Өнерпаздардың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері Алакөл жағалауына жиналған көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Шара мерекелік отшашумен аяқталды.

Туристік маусым қарсаңында Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Президент тапсырмасы аясында демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалауға 50-ден астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылып, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған контейнер жаңадан қойылды.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауға ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар орнатылды. 224 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда көл жағалауында 10 шақырым көше жолдарына асфальт төселді. Биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба Алакөл жағалауындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар

2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді

2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді. Келісімге Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылу рәсімінде қол…

Қазақ аспаздары Қытайда өткен халықаралық байқауда күміс жүлдеге ие болды

Қазақстандық аспаздар Қытайдың Циндао қаласында өткен «Ас үй патшасы» халықаралық гастрономиялық байқауында күміс жүлдеге ие…

Бас Прокурор Берік Асылов жасанды интеллект саласындағы әлемдік сарапшы Кай-Фу Лимен кездесті

30 маусым күні Бас прокуратурада маңызды кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов жасанды…