Categories Жайық news

«Қазақ» сөзінің мағынасы өзгере бастады»: Сарапшы Шайдоров оқиғасына қатысты пікір білдірді

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың ұлтына қатысты әлеуметтік желідегі пікірталас қазақстандық қоғамдағы маңызды үдерістің бетін ашты. Баспагер, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан бұл жағдай «қазақ» ұғымының этнонимнен демонимге, яғни азаматтық ұлттың атауына айналып келе жатқанын дәлелдейтінін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, ресейліктермен болған желідегі дауда қазақтар ғана емес, елдегі орыс ұлтының өкілдері де «ол орыс емес, ол – қазақ» деп Шайдоровты жақтап шыққан. Мұқан мұны қазақстандық бірегейліктің нығайып, жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі деп санайды.

«Бір қызығы, жасанды «қазақстандық» дегеннің емес, «қазақ» деген ұғымның төңірегіне топтасу байқалады. «Қазақ» сөзі этнонимнен (этникалық топтың атауын білдіретін ұғым) демонимге (азаматтық біріктірген топтың атауын білдіретін ұғым) айналып келеді. Яғни, «қазақ» деген сөз этникалық ұлтты ғана емес, азаматтық ұлтты да білдіретін ұғым ретінде бекіп жатыр», – деп жазды баспагер.

Ол бұл құбылыстың арқасында Шайдоров сияқты басқа ұлт өкілдері өздерін еш қысылмастан «қазақпыз» деп атай алатынын атап өтті. Тіпті бұл үрдісті заңнамалық тұрғыда бекітуді де ұсынды.

«Жалпы, Конституцияға «Қазақстан азаматтары «қазақ» деп аталады» деген норма қосу керек еді», – деп санайды Шыңғыс Мұқан.

Сонымен қатар, журналист бұл пікірталас қазақтілділер мен орыстілділерді бір мақсатқа біріктіргенін, бұл ұлттық бірегейліктің тілге тәуелді еместігін көрсететінін жеткізді.

«Кез келген ұлттық бірегейліктің негізінде мәдениет жатады. Қазақ бірегейлігінің негізі орыс мәдениеті болмасы анық. Сондықтан қандай этнос болмасын, қай тілде сөйлесін, ұлтты біріктіретін қазақ бірегейлігінің белгісі де, ерекшелігі де қазақ мәдениеті болмақ: тілі, салт-дәстүрі, ұлттық киімі мен тағамы… Мұндай жеңістер қазақ бірегейлігін нығайта түспек. Жаңа қазақтар жасасын!» – деп түйіндеді ол.

Фото: Сали Сабиров

Ұқсас жазбалар

Оралда картоп бағасы күрт төмендеді: бірден 85 теңгеге арзандады

Орал базарларында картоп бағасы 85 теңгеге түсіп, халық қуанышында шек жоқ. Бұл – үкімет басшысының…

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: 1000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Орал қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Игілікті шараға…

БҚО-да ауыл әкімдерінің алғашқы форумы: негізгі мәселелер мен шешімдер

Батыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімдерінің алғашқы форумы өтіп, онда инфрақұрылым, жол және су мәселелері…