Categories Саясат

7 тамыздан бастап қазақстандықтар сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауына дайындық барысында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру тәртібін бекітті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат дауыс беруге құқығы бар азаматтар тізіліміне енгізілді. Осы негізде жергілікті атқарушы органдар әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін қалыптастырады.

Сайлаушылар тізімдері 2 тамызда учаскелік сайлау комиссияларына беріледі, ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздері туралы деректердің дұрыстығын және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.

23 шілдеден кешіктірмей дауыс беру күні тұрақты тіркелген жерінде болмайтынын білетін азаматтар тиісті сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін уақытша болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінуге құқылы. Сондай-ақ, 7 тамыздан бастап сайлаушылар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында көзделген жағдайларда уақытша болатын жері бойынша дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады.

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылар тізіміне енгізілуін тексеруге арналған онлайн-сервистердің жұмысын қамтамасыз ету және сайлау учаскелерінің орналасқан жері туралы ақпарат беру үшін call-орталықтар құру ұсынылды.

«Сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығы — азаматтардың сайлауға қатысуға арналған конституциялық құқығын іске асырудың негізгі шарттарының бірі. Біздің міндетіміз – әрбір сайлаушыға өз деректерін уақытылы тексеруге, қажет болған жағдайда заңда көзделген дауыс беру учаскесін өзгерту тетіктерін пайдалануға және өзінің сайлау құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік беру», деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов.

Ұқсас жазбалар

«Ақ жол» партиясы құрылтайға 63 үміткердің тізімін бекітті

«Ақ жол» демократиялық партиясы кезектен тыс съезінде құрылтайға 63 үміткердің тізімін бекітіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Ақ жол» съезінде кейбір партиялардың масылдықты саяси бағдарламаға айналдыруы сыналды

Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде партияның саяси бағдарламасындағы негізгі бағыттар талқыланды.

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы: ашықтық пен жауапкершілік

Қазақстан жаңа саяси кезеңге аяқ басты. Биыл 23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының…